— Құқықтық құжаттар
Ақпараттық-консультациялық және заң қызметтерін көрсетуге арналған жария оферта
№ 2 редакция · 12.10.2026 ж. бастап 12.10.2026 ж. дейін қолданылды · күшін жойды
Құжаттардың барлық редакциялары
Бұл – мұрағаттағы редакция. Қолданыстағы редакция – осы сілтеме бойынша.
Осы құжаттың қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндері арасында алшақтық болған жағдайда орыс тіліндегі мәтін басым болады.
Жеке кәсіпкер Кенжебаев (ЖСН 910806301048) (бұдан әрі – «Орындаушы») Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – «АК») 395-бабына сәйкес кез келген әрекетке қабілетті жеке тұлғаға, жеке кәсіпкерге немесе заңды тұлғаға (бұдан әрі – «Тапсырыс беруші») осы жария офертаның (бұдан әрі – «Оферта») талаптарымен қызмет көрсету шартын жасасуды ұсынады.
1. Терминдер
1.1. Сервис – alten.kz сайты (қосалқы домендерді қоса алғанда), мобильді қосымша және Орындаушының соған байланысты сервистері.
1.2. ЖИ-сервистер – Сервистің жасанды интеллект технологияларына негізделген функциялары: ЖИ-чат, құжаттарды талдау, құжаттарды генерациялау және өзге де автоматтандырылған функциялар.
1.3. Тариф – alten.kz/pricing бетінде жарияланған Сервис қызметтерінің көлемі және олардың құны.
1.4. Үлгі – Сервисте орналастырылған құжаттың үлгілік нысаны.
1.5. Заң қызметтері – Орындаушы Шот бойынша жеке өзі көрсететін қызметтер: кеңес беру, құқықтық талдау, құжаттар дайындау, сүйемелдеу, өкілдік ету және Шотта көрсетілген өзге де қызметтер.
1.6. Шот – Орындаушы Тапсырыс берушіге ұсынған, Заң қызметтерінің тізбесі, олардың құны және қажет болған жағдайда көрсету мерзімі көрсетілген төлем шоты. Шот Оферта талаптарымен жасалған шарттың ажырамас бөлігі болып табылады.
1.7. Нәтиже – Орындаушы Шот бойынша дайындаған құжаттар, қорытындылар, кеңестер және өзге де материалдар.
1.8. Өтініш – Тапсырыс берушінің WhatsApp, Telegram, электрондық пошта, сайттағы нысан арқылы, телефон бойынша немесе өзге тәсілмен Орындаушыға жіберген, жағдайдың сипаттамасы және (немесе) құжаттары бар хабарламасы.
1.9. Бастапқы талдау – істің сипатын, Заң қызметтерінің көлемі мен құнын айқындау үшін Орындаушының Өтінішпен алдын ала танысуы.
1.10. Кезең – жеке Шот бойынша төленетін, іс бойынша Заң қызметтерінің бөлігі (мысалы, дауды сотқа дейін реттеу, талап арыз дайындау, бірінші сатыдағы сотта өкілдік ету, шағымдану).
1.11. Сервис құжаттары – Оферта, Құпиялылық саясаты, Дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім және alten.kz/legal бөлімінде орналастырылған өзге де құжаттар.
2. Шарттың мәні
2.1. Орындаушы Тапсырыс берушіге таңдалған Тарифтің талаптарымен ЖИ-сервистерге, Үлгілер кітапханасына және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің базасына қолжетімділікті, Тариф көлемінде маманның заң кеңестерін және сайтта сипатталған Сервистің өзге де функцияларын ұсынады.
2.2. Орындаушы сондай-ақ Тапсырыс берушіге Шот бойынша Заң қызметтерін, оның ішінде кеңес беру, құжаттар мен жағдайды құқықтық талдау, контрагенттерді ашық дереккөздер бойынша тексеру, наразылықтарды, талап арыздарды, шарттарды, өтініштерді және өзге де құжаттарды дайындау, келіссөздерді сүйемелдеу және өкілдік ету қызметтерін көрсетеді.
2.3. Заң қызметтерінің тізбесі, көлемі және құны Шотпен айқындалады. Оферта талаптары Заң қызметтеріне Шотпен реттелмеген бөлігінде қолданылады. Шот пен Оферта арасында қайшылық болған кезде Шоттың талаптары қолданылады.
2.4. Іс бойынша Заң қызметтері кезең-кезеңімен көрсетілуі мүмкін. Әрбір Кезеңнің тізбесі мен құны жеке Шотпен айқындалады. Бір Кезеңді төлеу Тапсырыс берушіні келесі Кезеңдерге тапсырыс беруге, ал Орындаушыны тиісті Шот төленбестен оларды көрсетуге міндеттемейді.
3. Өтініш және бастапқы талдау
3.1. Орындаушы Өтініш бойынша Бастапқы талдау жүргізуге құқылы. Бастапқы талдау Өтініштің көлемі мен ұсынылған құжаттарды ескере отырып, Орындаушының қалауы бойынша ақысыз не ақылы түрде жүргізіледі. Ақылы Бастапқы талдау туралы Орындаушы Тапсырыс берушіге ол жүргізілгенге дейін хабарлайды, мұндай талдау Шот бойынша төленеді.
3.2. Бастапқы талдау алдын ала сипатта болады және заң кеңесі, құқықтық қорытынды немесе Заң қызметтерін көрсету болып табылмайды. Бастапқы талдау барысында Орындаушы хабарлаған мәліметтер нәтиженің кепілдігі болып табылмайды және Тапсырыс берушінің ісі бойынша Орындаушының міндеттемелерін туындатпайды.
3.3. Бастапқы талдаудың ақысыз жүргізілуі осы іс бойынша кейінгі Заң қызметтері ақысыз көрсетілетінін білдірмейді. Құжаттарды дайындау, жазбаша құқықтық ұстанымдар, өкілдік ету және іс бойынша өзге де жұмыстар Шот төленгеннен кейін ғана орындалады.
3.4. Бастапқы талдаудың қорытындысы бойынша Орындаушы Заң қызметтерінің көлемі мен құнын, оның ішінде Кезеңдер бойынша, айқындайды және Тапсырыс берушіге Шот жібереді. Орындаушы істі қабылдаудан бас тартуға құқылы.
4. Офертаны акцептеу және шарт жасасу
4.1. Тарифтер бөлігінде Офертаны акцептеу мына әрекеттердің кез келгені болып табылады: Сервисте тіркелу, Тарифті төлеу, Сервис функцияларын іс жүзінде пайдалану.
4.2. Заң қызметтері бөлігінде Офертаны акцептеу Шотты толық немесе ішінара төлеу болып табылады. Шарт төлем Орындаушының банктік шотына түскен сәттен бастап Оферта мен Шоттың талаптарымен жасалды деп есептеледі.
4.3. Шотты төлей отырып, Тапсырыс беруші Шотта көрсетілген Заң қызметтерінің тізбесімен және құнымен, Оферта талаптарымен және төлем күні қолданыста болған Сервис құжаттарымен танысқанын және олармен келісетінін растайды.
4.4. АК-нің 396-бабына сәйкес Шотты төлеу акцепт деп танылады, ал шарттың жазбаша нысаны сақталды деп есептеледі. Егер Тараптар өзгеше келіспесе, қағаз жеткізгіштегі жеке шартқа қол қою талап етілмейді.
4.5. Шартқа Шот немесе Тариф төленген күні қолданыста болған Оферта редакциясы қолданылады.
5. Қызметтердің құны және төлем тәртібі
5.1. Сервис қызметтерінің құны таңдалған Тарифпен айқындалады. Бағалар теңгемен көрсетілген және alten.kz/pricing бетінде жарияланған.
5.2. Заң қызметтерінің құны Шотта теңгемен көрсетіледі. Орындаушы ҚҚС төлеушісі болып табылмайды.
5.3. Заң қызметтерінің құны істің күрделілігіне, құжаттардың көлеміне, шұғылдығына және Кезеңге байланысты болады және Шотпен айқындалады. Сайт беттерінде (оның ішінде alten.kz/business) көрсетілген Заң қызметтерінің бағалары ақпараттық сипатта болады және оферта болып табылмайды.
5.4. Төлем Орындаушының банктік шотына Шотта көрсетілген телефон нөмірі бойынша Kaspi арқылы, Орындаушының банктік деректемелері бойынша немесе Шотта көрсетілген өзге тәсілмен аудару жолымен жүргізіледі. Төлем бойынша міндеттеме ақша Орындаушының шотына түскен сәттен бастап орындалды деп есептеледі.
5.5. Егер Шотта өзгеше көрсетілмесе, Заң қызметтері 100% алдын ала төлем талаптарымен төленеді.
5.6. Орындаушы Тапсырыс берушіге Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес төлем туралы фискалдық чек береді.
5.7. Мемлекеттік баждар, нотариаттық, пошта шығыстары, құжаттарды аудару, анықтамалар мен үзінділер алу шығыстары, сондай-ақ үшінші тұлғаларға төленетін өзге де шығыстар, егер Шотта өзгеше көзделмесе, Заң қызметтерінің құнына кірмейді және оларды Тапсырыс беруші бөлек төлейді.
5.8. Тарифке жазылым төленген кезең ішінде қолданылады. Егер ресімдеу кезінде өзгеше тікелей көрсетілмесе, автоматты түрде ұзарту қолданылмайды.
6. Заң қызметтерін көрсету тәртібі
6.1. Орындаушы Заң қызметтерін көрсетуге төлем түскеннен және Тапсырыс берушіден қызметтерді көрсету үшін қажетті мәліметтер мен құжаттарды алғаннан кейін кіріседі.
6.2. Тапсырыс беруші толық және анық мәліметтер мен құжаттарды ұсынуға міндетті. Орындаушы Тапсырыс беруші ұсынған мәліметтер мен құжаттардың анық еместігінен немесе толық еместігінен туындаған салдарлар үшін жауапты болмайды.
6.3. Заң қызметтерін көрсету мерзімі Шотта көрсетіледі. Егер Шотта мерзім көрсетілмесе, қызметтер ақылға қонымды мерзімде, бірақ төлем жасалған және барлық қажетті мәліметтер мен құжаттар алынған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірілмей көрсетіледі. Мерзім Тапсырыс беруші сұратылған мәліметтерді ұсынбаған немесе құжат жобасын келіспеген уақытқа ұзартылады.
6.4. Нәтиже Тапсырыс берушіге электрондық түрде Тапсырыс беруші көрсеткен электрондық пошта немесе мессенджер арқылы беріледі.
6.5. Тапсырыс беруші Нәтиже берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде ескертулер жіберуге құқылы. Орындаушы Шотта көрсетілген көлем шегінде қосымша ақы алмастан түзетулер енгізеді. Тапсырманың өзгеруі, жаңа мән-жайлар, жаңа құжаттар немесе жұмыстың қосымша көлемі жеке Шот бойынша төленеді.
6.6. Егер Нәтиже берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде Тапсырыс беруші дәлелді қарсылықтар жібермесе, Заң қызметтері тиісінше көрсетілді деп есептеледі. Көрсетілген қызметтер актісі Тапсырыс берушінің сұрауы бойынша жасалады.
6.7. Орындаушы Заң қызметтерін адал және кәсіби түрде көрсетуге міндеттенеді, бірақ сот, мемлекеттік орган немесе Тапсырыс берушінің контрагенті дауды қараудың нақты нәтижесіне кепілдік бермейді.
6.8. Егер Заң қызметтерін көрсету Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе кәсіби әдеп талаптарына қайшы келсе, Орындаушы оларды көрсетуден бас тартуға құқылы. Бұл жағдайда Орындаушы қызметтердің көрсетілмеген бөлігі үшін төлемді қайтарады.
7. Төлемді қайтару
7.1. Жеке тұлға болып табылатын Тапсырыс беруші кез келген уақытта Сервис қызметтерінен бас тартуға құқылы. Бас тартқан кезде жазылымның төленген, бірақ пайдаланылмаған кезеңінің құны қалған күндерге мөлшерлес түрде, Орындаушының іс жүзінде шеккен шығыстары шегеріле отырып қайтарылуға жатады.
7.2. Тапсырыс беруші Заң қызметтерінен олар толық көрсетілгенге дейін кез келген уақытта бас тартуға құқылы. Бұл жағдайда төлем іс жүзінде көрсетілген қызметтердің құны мен Орындаушы шеккен шығыстар шегеріле отырып қайтарылуға жатады.
7.3. Заң қызметтерінің іс жүзінде көрсетілген бөлігінің құны бас тарту алынған күнге дейін орындалған жұмыс көлемі (кеңес, құжаттарды талдау, құжат жобасы және т.б.) бойынша, Шотта көрсетілген құн негізге алына отырып айқындалады.
7.4. Толық көлемде көрсетілген және Офертаның 6.6-тармағына сәйкес қабылданған Заң қызметтері үшін төлем қайтарылуға жатпайды.
7.5. Ақылы Бастапқы талдау үшін төлем ол жүргізілгеннен кейін қайтарылуға жатпайды.
7.6. Қайтару туралы өтініш info@alten.kz мекенжайына жіберіледі. Қарау мерзімі – 10 (он) жұмыс күні. Егер Тараптар өзгеше келіспесе, қайтару төлем жүргізілген тәсілмен жүзеге асырылады.
8. ЖИ-сервистер: шектеулер мен ескертпелер
8.1. ЖИ-сервистердің жауаптары анықтамалық-ақпараттық сипатта болады, автоматты түрде қалыптастырылады және заң кеңесі, құқықтық қорытынды немесе құқықтық нәтиженің кепілдігі болып табылмайды.
8.2. ЖИ технологиялары дәлсіздіктерге жол беруі мүмкін. Заңдық маңызы бар шешімдер қабылдар алдында Тапсырыс беруші ақпаратты тексеруге және (немесе) кеңес алу үшін маманға жүгінуге тиіс.
8.3. Орындаушы Тапсырыс беруші тек қана ЖИ-сервистердің жауаптары негізінде қабылдаған шешімдер үшін жауапты болмайды.
8.4. Заң қызметтерін көрсету кезінде Орындаушы бағдарламалық құралдарды, оның ішінде жасанды интеллект технологияларын пайдалануға құқылы. Заң қызметтерінің Нәтижесін Орындаушы жеке өзі тексереді және ол үшін Офертаға сәйкес жауап береді.
9. Зияткерлік меншік
9.1. Сервистің Үлгілері, контенті және бағдарламалық шешімдері Орындаушыға тиесілі.
9.2. Тапсырыс беруші Үлгілерді өз мұқтаждары үшін, оның ішінде кәсіпкерлік қызметте пайдалануға құқылы. Үлгілерді қайта сатуға, оларды дербес өнім ретінде жариялауға және олардың негізінде бәсекелес кітапханалар құруға тыйым салынады.
9.3. Тапсырыс беруші Заң қызметтерінің Нәтижесін өз мұқтаждары үшін пайдалануға, оның ішінде оны контрагенттерге, соттарға және мемлекеттік органдарға жіберуге құқылы.
10. Құпиялылық
10.1. Орындаушы Бастапқы талдау жүргізу және Заң қызметтерін көрсету кезінде Тапсырыс берушіден алынған мәліметтер мен құжаттардың құпиялылығын сақтайды және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, оларды Тапсырыс берушінің келісімінсіз үшінші тұлғаларға жария етпейді.
10.2. Орындаушыға үшінші тұлғалардың дербес деректерін бере отырып, Тапсырыс беруші оларды Бастапқы талдау және Заң қызметтерін көрсету мақсатында беруге құқылы екенін растайды.
11. Тараптардың құқықтары мен міндеттері
11.1. Тапсырыс беруші анық деректерді ұсынуға, қызметтерді уақтылы төлеуге, Сервис пен Нәтижені құқыққа қайшы мақсаттарда пайдаланбауға және Сервистің жұмысын бұзатын әрекеттер жасамауға міндеттенеді.
11.2. Орындаушы Сервис функцияларының құрамын өзгертуге, Оферта талаптары бұзылған кезде Сервиске қолжетімділікті тоқтата тұруға және Сервис уақытша қолжетімсіз болатын техникалық жұмыстарды жүргізуге құқылы.
11.3. Орындаушы тиісті сапада қызметтер көрсетуге және Оферта мен Құпиялылық саясатына сәйкес Тапсырыс беруші деректерінің құпиялылығын қамтамасыз етуге міндеттенеді.
12. Жауапкершілік
12.1. Орындаушының шарт бойынша жиынтық жауапкершілігі Тарифтер бөлігінде Тапсырыс беруші соңғы төленген кезең үшін іс жүзінде төлеген сомамен, ал Заң қызметтері бөлігінде тиісті Шот бойынша іс жүзінде төленген сомамен шектеледі.
12.2. Орындаушы үшінші тұлғалардың әрекеттерінен, байланыс инфрақұрылымының, хостингтің іркілістерінен және Орындаушының ақылға қонымды бақылауынан тыс өзге де мән-жайлардан туындаған Сервис жұмысындағы үзілістер үшін, сондай-ақ еңсерілмейтін күш мән-жайлары үшін жауап бермейді.
13. Дербес деректер
13.1. Дербес деректерді өңдеу «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және alten.kz/legal/privacy мекенжайында орналастырылған, Офертаның ажырамас бөлігі болып табылатын Құпиялылық саясатына сәйкес жүзеге асырылады.
14. Талаптарды өзгерту және дауларды шешу
14.1. Орындаушы Офертаны және өзге де Сервис құжаттарын, Тарифтерді, қызметтердің тізбесін, құрамы мен құнын, сондай-ақ Сервис функцияларын біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы.
14.2. Офертаның жаңа редакциясы редакцияның нөмірі мен күшіне ену күні көрсетіле отырып, alten.kz/legal/oferta мекенжайында орналастырылады және, егер онда неғұрлым кейінгі күн көрсетілмесе, орналастырылған күннен бастап күшіне енеді. Алдыңғы редакциялар alten.kz/legal мекенжайындағы мұрағатта сақталады.
14.3. Өзгерістер жаңа редакция күшіне енгенге дейін төленген Шоттарға және жазылым кезеңдеріне қолданылмайды. Оларға төлем күні қолданыста болған редакция қолданылады.
14.4. Жаңа редакция күшіне енгеннен кейін Шотты немесе Тарифті төлеу, сондай-ақ Сервисті пайдалану Тапсырыс берушінің онымен келісетінін білдіреді.
14.5. Даулар келіссөздер жолымен шешіледі. Өз құқықтары бұзылды деп есептейтін Тарап екінші Тарапқа наразылық жібереді. Наразылыққа жауап беру мерзімі – 10 (он) жұмыс күні.
14.6. Келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сотта қаралады.
15. Офертаның қолданылу мерзімі
15.1. Оферта Орындаушы оны кері қайтарып алғанға дейін қолданылады. Шот негізінде жасалған шарт Тараптар міндеттемелерді толық орындағанға дейін қолданылады.
16. Орындаушының деректемелері
Кенжебаев ЖК
ЖСН 910806301048
Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Алмалы ауданы, Төле би көш., 189д421
Тел.: +7 707 533 37 33
E-mail: info@alten.kz
Сайт: www.alten.kz